АҚШ-та Трамп басқаруындағы шығындар 40 күнде $154 млрд-қа өсті
Дональд Трамптың инаугурациясынан бері АҚШ-тың федералдық шығындары $154 миллиардқа артты. Бұл туралы қаржылық статистикаға сілтеме жасаған америкалық басылымдар хабарлады. Аталған өсім президент қызметіне кіріскен алғашқы 40 күн ішінде тіркеліп отыр — бұл Байден әкімшілігінің сол кезеңдегі көрсеткіштерінен жоғары.
Айта кетерлігі, шығындардың артуы DOGE ведомствосының белсенді жұмысы аясында жүріп жатыр. Бұл орган мемлекеттік шығындарды оңтайландыру және қысқарту мақсатында арнайы құрылған болатын. Алайда жарияланған мақсаттарға қарамастан, ведомство әзірге нақты нәтижелер көрсете алмай отыр. Керісінше, бюджет қаражатының жұмсалу қарқыны үдей түскен.
Негізгі шығын баптарына қорғанысқа бөлінген қаржының артуы, инфрақұрылымға арналған субсидиялар, мемлекеттік аппаратты ұстау шығындары және сыртқы нарықтағы тұрақсыздық пен АҚШ-тың халықаралық аренадағы ұстанымын күшейтуге бағытталған антикризистік шаралар жатады. Әкімшілік бұл өсімді жаһандық ықпалды нығайту және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді.
Қаржы сарапшылары қазіргі көрсеткіштерді бұрынғы дағдарыстар кезіндегі бюджет шығындарымен салыстыра бастады. Ал сыншылар Трамптың риторикасы мен Ақ үйдің нақты әрекеттері арасындағы алшақтықты атап өтуде. «Қатаң үнем» және «мемлекеттік қаржыны бақылау» туралы уәделер іс жүзінде рекордтық шығынға алып келген.
DOGE ведомствосының болашағы да сұрақ тудырып отыр. Бюджеттік тәртіпті бақылауға арналған бұл органның алғашқы апталардағы жұмысы оның әсер ету құралдары жеткіліксіз немесе жоғары деңгейде еленбей отырғанын көрсетеді.
Мұндай үрдістің жалғасуы федералдық тапшылыққа қысымды күшейтіп, Конгресстегі пікірталастарды ушықтыруы мүмкін. Әкімшілік оппоненттері бюджет шығындары туралы есеп пен қаржы бөлудегі ашықтықты талап етіп жатыр.
Редакция басқа көздерден алынған, жіберілген немесе алынған материалдардың мазмұны мен дұрыстығына жауапты емес. Мұндай материалдарды жариялау тек ақпараттық мақсаттарға арналған және олардың мазмұнын автоматты түрде растауды немесе мақұлдауды білдірмейді.