Әлем

Жапония жойқын жер сілкінісі мен цунамиді күтуде

Күтілген апат 300 мыңға дейін адамның өмірін жалмап, $1,81 трлн шығын келтіруі мүмкін.
Сәуір 2, 2025 - 13:33
 0  4908
Фото ашық көздерден алынды

Жапония билігі Нанкай жотасы маңында жойқын жер сілкінісі болу қаупі жоғары екенін ескертті. Сейсмологтардың бағалауынша, күтілетін зілзаланың магнитудасы 8–9 балл болуы мүмкін. Алдағы жылдары апаттың болу ықтималдығы 80% деп көрсетілген.

Мұндай қуатты жер сілкінісі елдің шығыс жағалауына биіктігі 30 метрден асатын алып цунамиді әкелуі мүмкін. Қауіп астында – тығыз қоныстанған префектуралар, маңызды инфрақұрылымдар, өнеркәсіптік нысандар мен тұрғын аудандар бар.

Болжам 2012–2013 жылдар аралығында Нанкай жотасы астында тіркелген сейсмикалық белгілерге негізделген. Қазіргі кезде қауіп деңгейі соңғы ондаған жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Жапон үкіметі апатқа дайындық жұмыстарын күшейтуде. Ел халқының шамамен 1%-ын, яғни миллионнан астам адамды эвакуациялау жоспарлануда. Кең көлемде оқу-жаттығулар өткізіліп, шұғыл хабар беру жүйелері жаңартылуда, жағалаудағы бөгеттер күшейтілуде.

Алдын ала есеп бойынша, апаттың экономикалық шығыны $1,81 триллионға жетуі мүмкін. Бұл Жапония тарихындағы ең ауыр табиғи апат болмақ — 2011 жылғы зілзала мен цунами зардаптарынан асып түседі.

Сейсмологтар тұрғындарды сақ болуға және эвакуация жолдары мен қауіпсіз аймақтармен алдын ала танысуға шақырды. Ел билігі адам өмірін сақтау басты мақсат екенін атап өтіп, салдарын азайту үшін барлық шаралар қолға алынуда.

Редакция басқа көздерден алынған, жіберілген немесе алынған материалдардың мазмұны мен дұрыстығына жауапты емес. Мұндай материалдарды жариялау тек ақпараттық мақсаттарға арналған және олардың мазмұнын автоматты түрде растауды немесе мақұлдауды білдірмейді.

Енді сіз біздің жаңалықтарды тікелей WhatsApp арқылы ала аласыз! Осы танымал мессенджердегі арнамызға жазылыңыз және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!