Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Месаға Еуразиялық экономикалық одақ іс-шараларына қатысқаны үшін алғыс айтып, Куба тарапының бірлестік қызметіне араласуының маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне арналған Еуразиялық экономикалық форум күн тәртібінің өзектілігін атап өтіп, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу және экономиканың негізгі салаларын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. Президент электрондық үкіметті дамыту тәжірибесімен бөлісуге және Кубаға одан әрі ынтымақтастық үшін қазақстандық цифрлық шешімдерді ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Сальвадор Вальдес Меса Қасым-Жомарт Тоқаевқа Куба Президенті Мигель Диас-Канель Бермудестің сәлемін жеткізіп, Куба тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Тараптар медицина мен фармацевтикадағы ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтіп, іскерлік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективасын талқылады.
Сонымен қатар сұхбаттасушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Редакция басқа дереккөздерден алынған, жіберілген немесе келіп түскен материалдардың мазмұны мен дәлдігіне жауап бермейді. Мұндай материалдар тек ақпараттық мақсатта жарияланады және олардың мазмұнын автоматты түрде қолдауды немесе мақұлдауды білдірмейді.


Пікірлер (0)
Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.